Новости

Базалық, міндетті және ерікті деңгейлі зейнетақы деген не?

Cоңғы кездері Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне қазақстандықтар жиі назар аударатын болды.

3349

Әсіресе зейнетақы қорының аты түрлі дауларға қатысты жиі естіліп кеткен былтырғы жылы бұған дейін зейнетке шыққанша бұл салаға мән бермейтіндердің өзі жіті қарай бастады. Біз әлеуметтік желі арқылы шағын сауалнама жүргізіп, зейнетақы саласы туралы қаншалықты біледі, деп байқап көрген едік. Байқағанымыз отандастарымыздың көпшілігінің түсінігі төмендегідей:

адам зейнетке жасына жеткенде мемлекет зейнетақы төлейді. Адам жұмыс істеп жүріп зейнетақы жарнасын аударып отырады. Зейнет жасына жеткенше оны зейнетақы қоры басқарады, оған пайыз қосылып отырады. Зейнетке шыққанда сол қаражатын алады, мемлекет зейнетақы төлейді. Болашақта сол жинаған қаражатын ай сайын бөліп алады, мемлекет төлемеуі керек. Жалпы ақпарат дұрыс. Алайда көпшілігі базалық, міндетті және ерікті яғни көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі дегенді біле бермейді. Түсінікті болуы үшін осы тақырыпта аздаған ақпарат ұсынамыз.

Қазіргі уақытта Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді, ол яғни базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұрады.

Мұндағы бірінші деңгейі (базалық) — мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (республикалық бюджет), екінші деңгей (міндетті) — міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ынтымақты жүйеден (республикалық бюджет) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақылар, үшінші деңгей (ерікті) — ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.

Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен кезде азаматтарға, сондай-ақ республиканың аумағында тұрақты тұратын адамдарға тағайындалатын және жинақтаушы зейнетақы алуына қарамастан жүзеге асырылатын мемлекеттік базалық деңгейде көзделген зейнетақы төлемі. Бұл жоғарыда көпшілік ойлайтын зейнет жасына жеткенде мемлекет төлейтін зейнетақы.

Қазіргі уақытта базалық зейнетақы төлемінің мөлшері барлық алушылар үшін бірдей және 15 274 теңге. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушылар 2 млн. адам.

Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау әдістемесі өзгеріп, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады.

Жаңа базалық зейнетақы тағайындау механизмі мынадай болады:

Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан кем жыл немесе оның болмаған кезінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТКД) 54%-на тең болады, 10 жылдан асқан кезде әрбір жыл үшін оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады да өтіл мерзімі 33 және одан көп болған жағадайда ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.

10 жылдан асқан кездегі әрбір еңбекпен өтелген жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға ұлғайтылады. Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл — базалық зейнетақы ЕТКД-ң 74%, 30 жыл жұмыс істегенде — базалық зейнетақы — ЕТКД-ң 94%, 33 жыл және одан астам жыл базалық зейнетақының мөлшері ЕТКД-ң 100% құрайды.

Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысудың өтілінде келесі қамтылады:

— 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбекпен өтелген еңбек өтілі,

— жинақтаушы өтілі ( 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін нақты зейнетақы жарналарын төлеу өтілі);

— өзге де әлеуметтік-маңызды кезеңдер (3 жасқа дейін бала күтімі, 16 жасқа дейінгі бала кезінен мүгедек болу, әскери қызметшілері, арнайы мекемелер қызметкерлері, дипломатиялық қызметкерлер және т. б. жұбайларының тұру уақыты).

Базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа әдістемесі әлеуметтік әділеттілік қағидасына сәйкес келеді, өйткені тек зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартуға ғана мүмкіндік бермей, азаматтарды еңбекке ынталандыруды және олардың еңбек қатынастарын заңдастыруды күшейтуге қызмет етеді. Яғни, адам қаншалықты ұзақ жұмыс істесе — соншалықты оның зейнетақысы көбірек болады (жинақтаушы да, базалық та).

Бұл жаңалық болашақ және бүгінгі зейнеткерлерге қатысты болады, олардың базалық зейнетақысы 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қайта есептеледі.

Екінші деңгей (міндетті) — бұл:

1) 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптастырылған еңбек өтіліне байланысты республикалық бюджет есебінен төленетін ынтымақты зейнетақылар;

2) қызметкерлердің жинақталған зейнетақы қаражаты есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі — БЖЗҚ) төлемдер.

Жасына байланысты ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде еңбек өтілі тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана есепке алынады, өйткені осы күннен бастап барлық жұмыс істейтін адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылуын көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу басталды.

1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жеке зейнетақы жинақтарын негізге ала отырып БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады.

Заңға сәйкес жасына қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан кез келген қатарынан 3 жыл үшін орташа айлық табысқа негізделіп жүзеге асырылады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардан басталатын мерзім үшін орташа айлық табыс мөлшері БЖЗҚ-на міндетті 10 пайыздық зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес орнатылады.

Заңмен жыл сайын республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін, ынтмақты зейнетақыны (46-айлық есептік көрсеткіш шегінде есепке алынады) есептеу үшін алынатын орташа айлық табыстың (ОАТ) шекті мөлшері, сондай-ақ зейнетақы төлемінің ең жоғарғы мөлшерінің шектеуі (ОАТ-ң 75%) көзделген.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алынатын зейнетақы

Барлық жұмыс істейтін адамдар міндетті зейнетақы жарналарын аударуды көздейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуге байланысты, бұл ретте әрбір жұмыс беруші БЖЗҚ-да ашылған жұмыскердің жеке зейнетақы шотына жұмыскердің ай сайынғы табысының 10% мөлшерінде (ең төменгі жалақының 75 есе мөлшерінен артық емес) МЗЖ-ын тұрақты аударып отыруды жүзеге асыруға міндетті.

Заңның 31-бабына сәйкес БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғалар зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар:

1) зейнеткерлік жасқа жеткен кезде — әйелдер үшін 58 жас 6 ай / ерлер үшін 63 жас;

2) ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жолымен ерлер 55 жасқа, әйелдер 50 жас 6 айға толған кезде;

3) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

4) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұрақты тұруға кеткен, шығу фактісін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері кесте бойынша ай сайын жүзеге асырылады және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем емес БЖЗҚ-нан ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін белгілеу Әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы төдемдерінің бір жалдық соманың он екіден бір бөлігі ретінде анықталады.

«Біржолғы» алу құқығы, яғни зейнетақы төлемін БЖЗҚ-нан бірден алу мүмкіндігі тек қана жинақтарының жалпы сомасы ең төменгі зейнетақының 12 есе мөлшерінен аспайтын (2018ж. — 404 940 теңге) тұлғаларда бар.

Егер жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтарының қалдығы кезекті ай сайынғы төлемді жүзеге асырғаннан кейін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем соманы құрайтын болса, бұл қалдық кезекті төлем сомасымен бірге төленетін болады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-нан зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың тәртібіне енгізілген өзгерістер бюджет қаражаты есебінен және БЖЗҚ-нан жинақтаушы зейнетақы есебінен жиынтық ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға да, БЖЗҚ-нан ай сайынғы төлемдердің ұзақтығына да жағдай жасайды.

Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады және оларға инфляция деңгейін ескере отырып міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша кепілдік қолданылады.

МЗЖ, МКЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарын алу үшін азаматтар БЖЗҚ-а жүгініп келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

— зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш;

— алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;

— алушының банк шоты туралы мәліметтер;

МЗЖ, МКЗЖ есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылады және оларға инфляция деңгейін ескере отырып міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша кепілдік қолданылады.

Үшінші деңгей (ерікті) — ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер.

Ерікті зейнетақы жарналары — салымшылардың өзінің бастамасы бойынша БЖЗҚ-на және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өзі үшін немесе үшінші тұлғалар салатын ақша. Олардың мөлшерлемесі, төлеу кезеңі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартымен анықталады.

Ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары — бұл ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

Тұтастай алғанда, ерікті зейнетақымен қамтамасыз ету деңгейі зейнетақымен қамтамасыз ету үшін азаматтардың жеке жауапкершілігін ынталандырады.

Осылайша, қолданыстағы зейнетақымен қамтамасыз ету моделі әрбір азаматтың өзінің болашақ зейнетақымен қамтамасыз ету үшін дербес жауапкершілігіне бағдарланған.

Қазақстандағы көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі туралы толық ақпарат осы.

 Материалы дайындау барысында зейнетақы жүйесіне қатысты интернетте жарияланған ақпараттар пайдаланылды.

Поделиться
Подписывайтесь на наш канал в Телеграме — enpi.kz

Читайте также

Кстати, как дела у ЕНПФ?

На 1 февраля 2018 года инвестиции ЕНПФ в тенге - 70,81 %, доля инструментов в иностранной валюте 29,1%, из которых 28,6 % в долларах США.