— Нұрлан аға балетке ер азаматтардың келе бермейтіні рас. Алайда сіз бүгінде өте керемет жетістіктерге жеттіңіз, еңбек жолын қалай бастағаныңызды айта кетсеңіз:
Қазақстандағы Кеңес Одағы заманы болатын. Небары 10 жасқа толғанымда, Оралдағы біз оқыған мектепке балет өнері адамдары келіп, мені және тағы бір сыныптасымды таңдап әкетті. Бас кезде мәселенің жай-жапсарын түсінген жоқпын. Бірақ, кейіннен Алматыда бізді тағы да іріктеуден өткізді. 500 бала таңдалып, әрбір сыныпта 30 қыз және 30 ұл оқыдық. Әрине, оқуды бәріміз бірдей аяқтаған жоқпыз, кетіп қалғандар да болды. Алматы хореографиялық училищесін бітіргеннен соң, Абай атындағы опера және балет театрында біраз жұмыс атқардым. 1995 жылы Қазақстаннан Ресейге содан соң АҚШ-қа кетіп қалдым.
-5 желтоқсанда Қазақстанның еңбек министрлігі балет әртістерінің зейнетке шығу уақытын 38-40 жасқа дейін азайту туралы ұсынысты қабылдамады. Балетте өнер көрсету жасы келген азаматтарға қаншалықты қиындық туғызатындығына қарамастан, шенеуніктер оларды зейнетке ерте жібере алмаймыз деп отыр. Бұл шешімі жөнінде не ойлайсыз?
Балетке бишілер ерте жастан бастап келеді және бишінің дәурені өте қысқа. Денелері қатпай тұрған уақытта асқан қажырлықпен бүкіл өмірін биге арнайды. Дегенмен әртістер қартайғанша билеп жүре алмайтыны анық. Себебі биге жаттығу кезінде бишілер түрлі жарақаттар алатыны сөзсіз, денсаулығы да сыр бере бастайды. Әрине, олар балет ұстазы қызметін де атқара алады, менің ойымша Қазақстанда балет мектептері көптеп ашылып жатыр. Бірақ бишілердің барлығы мұғалім болып кете алмайды ғой...
Оның үстіне, балет бишісі болу оңайға соқпайды. Мәселен, біздер Абай атындағы опера және балет театрына таңғы ондар шамасында келіп, қойылымға кешкі он бірлерге дейін дайындалатын едік.
-Деректерге сүйенсек, әзірше, Қазақстан балет бишілерінің зейнетке шығу жасы ең ұзақ мемлекет болып отыр. АҚШ-тағы балет бишілерінің зейнетке шығу жасы қалай?
-Ол жағын ойламаппын, бірақ мұнда 40 жаста әскерилер шығады. Америкада да шамасы Қазақстандағыдай болуы керек. Дегенмен Қазақстанда 58-63 жаста зейнетке шығу дегенің өте ауыр жағдай. Соңғы рет әріптестеріммен сөйлескенімде олардың жалақысы небары 300-350 доллар ғана деген еді. Бұл қазіргі заманда дұрыстап өмір сүру үшін, меніңше, жеткіліксіз.
Балетке әртістердің тым ерте келетіндіктерін ескерсек, Қазақстанда оларға жарты ғасыр еңбектену керек. Ғалымдар балет бишілері қызметін кеншілердің еңбегімен салыстырады, соның өзінде қазақстандық балет әртістері ғұмырының жартысынан көп бөлігін билеумен өткізуі керек.